Әлімхан Ермеков – қоғам қайраткері

12 наурыз 2020 жылы Кеншілер астанасындағы №103 мектеп-лицейде «Әлімхан Ермеков және Тәуелсіз Қазақстан» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, пленарлық отырысында «Әлімхан Ермеков – қоғам қайраткері» атты баяндамасы мазмұнымен таныстырды. Бұл іс-шараны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарағанды қалалық білім бөлімі мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Тарих факультеті бірлесіп ұйымдастырды.

Конференция жұмысының бірінші бөлімінде Әлімхан Ермеков пен Алаш қозғалысына арналған мұражайдың тұсау кесер рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға Қарағанды қаласының ардагер педагогтары, арнайы шақырылған ұстаздар мен құрметті қонақтар қатысты.

Аталған мұражайдың құрылымы 11 бөлімнен тұрады. Мысалы, олардың қатарында мұражайдың ресми төлқұжаты, С.Торайғыровтың Алаш зиялыларына арналған өлеңі мен Әлімхан Ермековке арналған барельеф мүсін, Әлімхан Ермековтің туған жері, отбасы, туыстарына арналған стендтер мен өз қолымен жазылған автобиографиялық құжаттары, Әлімхан Ермековтың білім жолындағы өмірі мен озық ойлы демократтармен өткізген қызметі туралы, сондай-ақ Әлімхан Ермековтің қоғамдық-саяси өмірі, Алаш қозғалысындағы ерен еңбегі жайындағы тарихи құндылығы зор деректер бар.

Жалпы, конференцияның «Әлімхан Ермеков және Алаш зиялылары: бір мақсат, бір мүдде», «Әлімхан Ермеков – тұлға, ғалым, ұстаз», «Әлімхан Ермеков – қоғам қайраткері», «Әлімхан Ермеков және қазақ мемлекеттілігі» атты төрт секциясына 150-ден астам жұмыс келіп түсті. Алқалы жиында ең мазмұнды деп бағаланған баяндамалар арнайы дипломдармен марапатталып, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Қанат Сәдуақасұлы өз тарапынан Әлімхан Ермековтің қоғамдық-саяси, оқытушылық және оның жеке басына арналған Мәскеу, Алматы, Қарағанды және Семей қалаларының архивтерінде сақталған құжаттардың көшірмелерін, өзінің «Әлімхан Ермеков – тұлға тағылымы» атты монографиясын табыс етті.